Күндізгі уақытта көзіміздегі арнайы рецепторлар – ганглий пигментті жасушалары – жарыққа әсер етіп, миымыздағы биологиялық сағаттардың «басқару орталығына» сигнал жібереді. Сол жерден ағзаның мүшелері мен жүйелері ояу күйде жұмыс істеу туралы «бұйрық» алады. Бұл кезде сергектікке, белсенділікке, тез реакцияға, айқын ойлауға, жақсы көңіл-күйге, интеллектуалдық қабілеттерге, бұлшықет пен қан тамырларының тонусының жоғарылауына жауап беретін гормондар – кортизол, серотонин, адреналин бөлінеді. Қараңғы уақытта көз рецепторларынан сигнал түспейтіндіктен, биологиялық сағаттар ағзаға демалу туралы «команда» береді. Бұл кезде ұйқы гормоны – мелатониннің бөлінуі артып, бұлшықет пен қан тамырларының тонусы, дене температурасы, жүрек соғысы төмендейді. Өкінішке орай, өмір сүру салтымыз жиі биологиялық сағаттардың бұзылуына әкеледі. Қосулы жарық, теледидар немесе компьютер, терезеден түскен жарық ұйықтауға кедергі келтіреді, ал түнгі ауысыммен жұмыс істеу, уақыт белдеуін өзгерту секілді факторлар циркадтық ырғақтарды бұзады. Ішкі сағаттарымыз нақты уақытпен сәйкес келмегенде ұйқы, ояну және жалпы хал-ахуалға қатысты қиындықтар пайда болады. Түнде жақсы ұйықтай алмаймыз, таңертең ояну қиындайды, ашуланшақ, әлсіз, ұйқылы күйде боламыз, реакция мен есте сақтау қабілеті нашарлайды, жұмысқа қабілет төмендейді. Биологиялық сағаттардың ұзақ уақыт бойы теңгерімсіздігі гипертония, миокард ишемиясы, жүрек ырғағының бұзылуы, қант диабеті, тіпті онкологиялық аурулардың даму қаупіне әкелуі мүмкін. Биологиялық сағаттар тәуліктің уақытымен синхрондалады. Күзгі-қысқы кезеңде күн сәулесінің созылмалы жетіспеушілігі де циркадтық ырғақтарға әсер етеді – күндізгі уақытта кортизол мен серотонин бөлінуі азайып, белсенді күйде жүретін үдерістер баяулайды, маусымдық депрессия дамуы мүмкін. Жарықпен емдеу қалыпты циркадтық ырғақтарды қалпына келтіріп, психологиялық және физикалық жағдайды жақсартуға көмектеседі. Жарықтың Паркинсон мен Альцгеймер аурулары белгілеріне, ми жарақаттарының салдарына, темекі мен алкогольден бас тартуға жағымды әсері анықталған. Болашақта жарықпен емдеу әрбір дәрігердің құралдар жинағына енеді деп сеніммен айтуға болады. Бұл емдеу әдісі көзге көрінетін диапазондағы жарық толқындарының терапиялық қасиеттеріне негізделген және келесі жағдайларда ұсынылады: адам күн сәулесі жетіспейтін аймақта өмір сүреді (кеш күз, қыс), түнгі ауысыммен немесе вахталық әдіспен жұмыс істейді, уақыт белдеуін күрт (3 сағаттан көп) ауыстырады. Жарықпен емдеу сондай-ақ ұйқының әртүрлі бұзылыстарында, босанудан кейінгі депрессияда, созылмалы шаршау синдромында қолданылады. Жарықпен емдеу созылмалы шаршаудан арылуға көмектеседі. Жарық терапиясына арналған шамдар әртүрлі өлшем мен пішінде болады. Олар күн сәулесіне ұқсас, бірақ қауіпсіздік мақсатында ультракүлгін және инфрақызыл сәулелерден толық тазартылған жарық шығарады. Мәселенің сипатына және адамның жеке ерекшеліктеріне байланысты режим, спектр, қарқындылық, сеанстардың ұзақтығы және емдеу курсы таңдалады. Мысалы, қалыпты ұйқыны қалпына келтіру және күзгі депрессияның басқа белгілерін жою үшін 2–3 апта қажет, ал жаңа уақыт белдеуіне бейімделу үшін 2–3 күн жеткілікті. Емдеу режимі және нәтижелері келесі негізгі факторларға байланысты: күн тәртібі – таңертең, ұйқыдан тұрғаннан кейін бірден сеанс өткізу «ұйқы-ояу» циклын тәулік уақытымен сәйкестендіруге және жұмыс күніне сергектік беруге көмектеседі. Күндізгі сеанс кофе әсеріне ұқсас ынталандыру әсерін береді – бұл режим екінші ауысымда жұмыс істейтін мұғалімдер, дәрігерлер және басқа да мамандар үшін ыңғайлы. Кешкі сеанс түнгі жұмыс алдында өткізіледі. Егер адам 7 күннен артық түнгі ауысымда жұмыс істесе, оған ауысым ортасында қосымша сеанс ұсынылуы мүмкін. Түнгі ауысымнан кейін ұйқыға дейін күн сәулесінен көзді көк фильтрлі немесе қарапайым күннен қорғайтын көзілдірікпен қорғау ұсынылады, ал ұйқы тығыз қара перделермен жабылған бөлмеде болуы тиіс. Түнгі ауысым алдындағы жасанды «күн сәулесі» сергектік пен қуат береді. Жарық толқындарының спектрі мен қарқындылығы – фоторецепторлар көрінетін спектрдің көк бөлігіне өте сезімтал. Ақ жарықты көк түспен байыту шамның сәулелену қарқындылығын барынша төмендетуге мүмкіндік береді. Мұндай құрылғыны пайдалану емдеу тиімділігін сақтай отырып, көзге зиян келтіру қаупін толығымен жояды. Қарсы көрсетілімдер мен жанама әсерлер – жарықпен емдеу жұмсақ әсер ету әдістерінің қатарына жатады, сондықтан оның қарсы көрсетілімдері мен шектеулері өте аз. Алайда кей жағдайларда дәрігерден кеңес алу қажет.